ҰСТАЗҒА ҚҰРМЕТ – ІЗГІЛІК БЕЛГІСІ

Бүгін, қасиетті жұма күні Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде тағылымды сәт орын алды. Мешіт ұжымы осы қара шаңырақта 5 жыл бойы ұстаздық қызмет атқарып, жамағатқа діни білім мен рухани тәрбие берген Бауыржан Амангелдіұлын зор құрметпен шығарып салды.

Бұл күні Бауыржан имам жамағатқа жұма уағызын айтып, жұма намазын жүргізді. Уағыз барысында ол көркем мінез жайында насихат айтып, жиналған жамағатқа тағылымды ой тастады.

Уағыз-насихаттан соң мешіт имамы Еркебұлан Ермекұлы ұстаздың мешіт қабырғасындағы сүбелі еңбегін атап өтіп, ел игілігі жолындағы қызметіне ризашылығын білдірді. Ұстазға дәстүрге сай иығына шапан жабылып, алғыс сөз айтылды. Сондай-ақ алдағы қызметіне ақ жол тілеген ақсақалдар да дұға-тілегін арнады.