ҚМДБ Ұлытау облыстық өкілдігіне қарасты әйел-қыздар секторының ұйымдастыруымен өңірде әйел жамағаттарына арналған бірнеше рухани іс-шара өтті. Құрметті қонақ болған Алматы облысы әйел-қыздар секторының жетекшісі Жаналиева Назерке Әкішқызы әр шараға арнайы қатысып, тағылымды насихат жүргізді.
Жезқазған медресесінде өткен алғашқы семинар барысында Рамазан айының қадір-қасиеті мен оның мұсылман өміріндегі маңызы кеңінен түсіндірілді. Сондай-ақ отбасы құндылықтары, әйел мен күйеуінің арасындағы өзара сыйластық пен дұрыс қарым-қатынас тақырыптары қозғалып, қатысушыларға рухани насихат айтылды.
Сонымен қатар «Қадір түні: әйелдің ғибадаты» тақырыбында шәй-уағыз ұйымдастырылып, әйел жамағатына қасиетті түннің артықшылықтары мен оны ғибадатпен өткізудің маңызы түсіндірілді. Кездесу соңында жамағатпен бірге ауызашар дастарханы жайылып, рухани кеш өтті.
Бұдан бөлек Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінде «Рамазан – адал қоғамды қалыптастыру айы» тақырыбында тағы бір семинар өткізіліп, қасиетті айдың адам тәрбиесіндегі және қоғамдағы ізгі құндылықтарды нығайтудағы рөлі туралы насихат айтылды.






