АРМАН ҚУАНЫШБАЕВ ҰСТАЗ СӘТБАЕВ ҚАЛАСЫНДА БІРНЕШЕ ІС-ШАРАҒА ҚАТЫСТЫ

ҚМДБ Ұлытау облысы өкілдігінің ұйымдастыруымен РАНТ мүшесі, «Балаби қари» құран жаттау орталығының директоры Арман Қуанышбаев ұстаз бірнеше айтулы іс-шараларға қатысты.

Ең алдымен Арман ұстаздың арнайы қатысуымен имамдардың білімі  мен біліктілігін арттыруға арналған семинар өтті. Ұстаз «Уағыз айтудың әдебі» жөнінде бірнеше маңызды ақпараттарымен бөлісті. Облыс имамдары «уағыз айтудың әдебі» бойынша қазіргі қоғамда маңызды деген түйткілді мәселелер бойынша біліктілігін арттырды. Семинарға қатысқан барлық имамдар сертификатпен марапатталды.

Сонымен қатар Сәтбаев қалалық «Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінің жамағатымен кездесулер ұйымдастырылды. Алдымен әйел жамағатына «бала тәрбиесі», «отбасы тыныштығы», «ризық мәселесі» тақырыптарында насихат айтылып, халық тарапынан түскен көптеген сұрақтарға жауап берілді. Кешкі уақытқа жоспарланған ер жамағатына арналған уағыз кезінде Арман ұстаз «ішкі жан-дүниенің маңызы» жөнінде ой толғады.

Іс-сапардың екінші күні Арман Қуанышбаев ұстаз Сәтбаев қалалық өрт сөндіру ұжымымен, Сәтбаев қаласы тұрғындарымен, қоғам белсенділерімен кездесу өткізді.

«Балмағамбет Балқыбайұлы» мешітінің студисында ұстазбен арнайы «Сенім мен сананың сұхбаты» тақырыбында подкаст түсіріліп, дін мен дәстүр айналасындағы көптеген сұрақтардың жауабы алынды.