Ұлытау облысында имамдар арасында дәстүрлі спорттық іс-шара ұйымдастырылып, өңірдегі дін қызметкерлері бірнеше спорт түрінен жарысты. Имамдар үш командаға бөлініп, садақ ату, арқан тартыс және футбол бойынша өзара күш сынасты.
Жарыс өзара қарым-қатынасты нығайтып, дене шынықтыру мәдениетін дамытуға бағытталды. Әр команда жоғары белсенділік көрсетіп, үздік нәтижеге жету үшін барын салды.
Сайыс қорытындысы бойынша 1-орынды иеленген командаға 60 мың теңге, 2-орынға лайық деп танылған командаға 40 мың теңге, 3-орын алған ұжымға 25 мың теңге табысталды.
Жеңімпаздар марапатталып, қатысушылар шараның маңыздылығын атап өтті. Имамдар мұндай спорттық кездесулер ынтымақты арттыруға, салауатты өмір салтын насихаттауға және командалық рухты күшейтуге үлкен үлес қосатынын жеткізді.














