ОБЛЫС ОРТАЛЫҒЫНДА ҚОРЫТЫНДЫ АУЫЗАШАР КЕШІ ӨТТІ

Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінде “Оразаң қабыл болсын ұстаған жан” атты қорытынды ауызашар кеші ұйымдастырылды. Рухани кешке өңір жамағаты қатысып, қасиетті айдың соңғы ауызашарын бірге өткізді.

Іс-шара барысында дәстүрлі жарапазан айтылып, жамағат арасында викториналық сұрақтар ойнатылды. Сонымен қатар, Ұлытау облысының бас имамы 2025 жылы өңір көлемінде атқарылған діни-ағартушылық жұмыстардың есебін таныстырды.

Кештің маңызды сәттерінің бірі – тарауық намазында Құранды толық хатым еткен қариларға көрсетілген құрмет болды. Оларға 1 миллион теңгеден қаржылай сыйлық табысталды.

Сондай-ақ, “Ел үлесі – пәтерге” қайырымдылық жобасы аясында Абдуррахман қариға 907-баспана кілті салтанатты түрде табысталды.

Рухани кештің қорытындысында келген жамағат арасынан бір адамға умра қажылығына жолдама тарту етілді.