Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінің ауласында Ораза айт мерекесіне орай кең көлемді мерекелік іс-шара ұйымдастырылды.
Шара барысында жиналған қауымға дастархан жайылып, ыстық тағамдар ұсынылды. Мерекелік бағдарламаның негізгі бөлігі ұлттық ойындарға арналды. Қатысушылар кір тасын көтеру, қой көтеру, қол күресі және арқан тартыс секілді сайыстарда бақ сынады. Әр жарыс бойынша үздік шыққан жеңімпаздар ақшалай сыйлықтармен марапатталды.
Атап айтқанда, кір тасын көтеру, қой көтеру және қол күресі бойынша бірінші орын иегерлері 30 000 теңге, екінші орын – 20 000 теңге, үшінші орын – 10 000 теңгеге ие болды. Ал арқан тартыс сайысында жүлде қоры жоғары болып, бірінші орынға 70 000 теңге, екінші орынға 50 000 теңге, үшінші орынға 30 000 теңге табысталды.
Шараның басты мақсаты – ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастарды спортқа баулу және халықтың бірлігін нығайту. Мерекелік кеш көтеріңкі көңіл-күйде өтіп, тұрғындарға ерекше әсер сыйлады.






