«ОРАЗАҢ ҚАБЫЛ БОЛСЫН, ҰСТАҒАН ЖАН» ҚОРЫТЫНДЫ КЕШІ ӨТТІ

Қазақстан мұсылмандары діни басқармасы Ұлытау облысы өкілдігі мен Сәтбаев қалалық «Бірлігі жарасқан жамағат» еріктілер тобының ұйымдастыруымен Рамазан айы қорытындыланды.

Дүйім жұрттың басын қосқан қорытынды кеш қасиетті Құранды оқумен басталды. Қасиетті кәламды әуезіне келтіре оқыған – халықаралық Құран жарыстарының жүлдегері Яхия қари Сансызбайұлы. Рухани кеште арнайы жарапазан айтылып, қазақы нақышпен жыр орындалды. Елімізге белгілі ұстаз Елдос Қуандықұлының насихаты да келген жамағатқа бір серпіліс бергені байқалды. Жамағат арасында «арқан тартыс», «бұқа тартыс» секілді ұлттық ойындар ойнатылды.

Кешті Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы қорытындылады. Рамазан айы бойы тарауық намазында имамдық қылып, Құранды толық хатым қылған барлық қариларға халық алғысын жеткізіп, қомақты қаржылай сертификаттар табыстады. Иығына қазақы дәстүрмен шапан жабылып, арнайы сый-сияпаттар берілді. Қариға құрмет көрсету жолында «Жез Медресе» қайырымдылық қоры да қалыс қалмады. Қор атынан «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітіне және бірнеше қариға қаржылай сертификаттар сыйлады.

Ұлытау облысы бойынша 2 дін қызметкеріне «Ел үлесі – пәтерге» жобасы бойынша баспана кілті табыс етілді. Бірі – «Ақтүбек» мешітінің имамы Нұрлан Әбдіғаппарұлына, бірі – «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінің ұстазы Абдуррохман Асқарұлына берілді.

Рамазан айының қайырымды бастамасы бойынша талмай еңбек етіп келе жатқан мешіт имамдары да құрметке бөленді. Облыс бас имамы әр мешіт имамдарына бір айлық жалақы мөлшерінде сыйақы табыс етті.

Рухани кештің жоғары деңгейде өтуіне сеп болған «Бірлігі жарасқан жамағат» еріктілер тобы да әдеттегі дәстүрінен танбай, жамағат арасынан белсенді болған Манас және Рүстем ағаларымызға ұмраға жолдама берді.

Алла Тағала баршамыздың қайырлы қызметімізді қабыл етсін!