РАНТ МҮШЕСІ АРМАН ҚУАНЫШБАЕВ ЖЕЗҚАЗҒАН ЖАМАҒАТЫМЕН ЖҮЗДЕСТІ

Бүгін, құптан намазынан кейін Ұлытау облыстық «Ахмет ишан Оразайұлы» мешітінде белгілі дінтанушы, ұстаз Арман Қуанышбаев Ұлытау өңірінің жамағатымен кездесті. Кездесу барысында ұстаз «Мұсылманның қазіргі қоғамдағы миссиясы» тақырыбында мазмұнды уағыз айтты.

Арман ұстаз өз сөзін қасиетті Құранның «Әли Имран» сүресінің 110-аятын оқумен бастады:

«Сендер – күллі адамзаттың игілігі үшін шығарылған ең қайырлы үмбетсіңдер. Үнемі жақсылыққа шақырып, жамандықтан тыясыңдар әрі Аллаға иман келтіресіңдер…» (Әли Имран, 110-аят)

Уағыз барысында ұстаз бұл аяттың мағынасын терең түсіндіріп, әрбір мұсылманның қоғам алдындағы жауапкершілігіне ерекше тоқталды. Оның айтуынша, бүгінгі мұсылман тек жеке ғибадаттармен шектеліп қалмай, өз ортасына, қоғамына, еліне пайдалы тұлға болуға ұмтылуы тиіс.

Сондай-ақ ол қазіргі заманның сынақтары – материализм, рухани енжарлық, отбасылық құндылықтардың әлсіреуі сияқты мәселелерге тоқталып, мұсылманның рөлі осындай қиын кезеңде ерекше маңызға ие екенін атап өтті.

Уағыз соңында ұстаз жамағатты бірлікке, ынтымаққа және аманатқа адал болуға шақырды. Қатысқан жамағат рухани әсер алып, көптеген тың ой түйді. Кездесу соңында жамағат ұстазға алғыстарын білдіріп, Алладан еңбегіне береке тіледі.