Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығына сәйкес Ұлытау облысындағы бірқатар мешіттерде діни қызметкерлер тағайындалды.

Ұлытау аудандық мешітінде Ұлытау облысының бас имамы Бейбіт Бақытжанұлы жамағатқа «Жат ағым жарға жығады» тақырыбында насихат айтып, жат ағымдардың алдын алу, дәстүрлі діни құндылықтарды сақтау мәселелеріне тоқталды.

Жұма намазынан кейін бас имам мешіт жамағатына жаңа имамды таныстырды. Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының бұйрығына сәйкес Айкурген Сұлтан Айкургенұлы Ұлытау аудандық мешітінің наиб имам қызметіне тағайындалды.

Айкурген Сұлтан Айкургенұлы 2004 жылғы 21 қыркүйекте дүниеге келген. 2023-2026 жылдар аралығында Астана қаласындағы «Астана» медресе-колледжінде білім алған.

Сонымен қатар облыстағы басқа мешіттерде де бірқатар тағайындаулар жүргізілді.

Сәтбаев қалалық «Сәдуақас Ошақұлы» мешітіне Орынбасар Жанарбек наиб имам қызметіне тағайындалды.

Орынбасар Жанарбек 1991 жылғы 10 шілдеде дүниеге келген. 2016-2019 жылдары «Әбу Ханифа» медресе-колледжінде, 2019-2022 жылдары Нұр-Мүбарак Египет ислам мәдениеті университетінде исламтану мамандығы бойынша білім алған. 2023-2026 жылдары Түркия Республикасының Дін істері басқармасына қарасты Діни жоғары кеңесі орталығында (Хасеки) білім алған.

Ал Жаңаарқа аудандық «Наймантай-Байғозы батырлар» мешітіне Рахым Али Данашұлы наиб имам болып тағайындалды.

Рахым Али 2002 жылғы 30 шілдеде дүниеге келген. 2025 жылы ҚМДБ-ның Республикалық имамдардың білімін жетілдіру ислам институтын тәмамдаған.

Сондай-ақ Елубаев Мадияр Жасұланұлы Сәтбаев қалалық "Балмағамбет Балқыбайұлы" мешітінің молдасы қызметінен босап, осы мешіттің наиб имам қызметіне ауыстырылды.

Жұма намазының соңында Ұлытау облысына қарасты барлық мешіттерде Ақтау қаласында қаза болған сарбаздардың рухына Құран оқылып, дұға бағышталды. Сондай-ақ туған-туыстарына сабыр мен төзім беріп, ел-жұртқа амандық тіленді.